Атырау облыстық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар қазақ-түрік лицейінде өткен «Жаңа қоғам – жаңашыл тәрбиеші» атты аймақтық семинарға Ақтөбе білім-инновация лицейінің тәрбиешілері жатақхана меңгерушісі Базарбаев Жанболат Базарбайұлымен бірге қатысып, біліктіліктерін арттырды. Семинардан тәрбиешілердің түйгені көп болды. Тәжірибелі әріптестерінің, білікті мамандардың дәрістерін тыңдап, біліктілігін арттырған тәрбиешілер жаңашылдықтарды іс жүзінде жүзеге асырмақ.
Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының жұмыс жоспарына сәйкес «Мамандығыммен мақтанамын» тақырыбында облыстық сырттай эссе байқауы өтті. Байқаудың мақсаты - педагогтың кәсіби мәртебесін көтеру және педагогикалық мамандықтың әлеуметтік маңыздылығын ашу, шығармашылықпен жұмыс жасайтын педагогтарды айқындау және қолдау көрсету. Сырттай байқауға мектепке дейінгі ұйымдары, бастауыш және жалпы орта білім беру ұйымдары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан 70 педагог қатысты. Ақтөбе білім-инновация лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Валиева Айнур Сабитовна байқауға қатысып, ІІІ орын иеленді. Жүлдегер атанған әріптесімізге шығармашылық табыс тілейміз.
Ақтөбе білім-инновация лицейінде ұжымға биылғы оқу жылында қосылған жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында тәлімгерлік жұмысы жүргізілуде. Жас мамандар - биология пәні мұғалімі Молдатаев Алигасан Талғатбекұлының 8 «Ә» класында, ағылшын тілі пәні мұғалімі Қалқайбек Нұрдәулет Ерғазыұлының 7 «Ә» класында өткізген ашық сабағы жоғары деңгейде бағаланды. Еңбек жолын жаңа бастаған жас мамандар аз уақыт ішінде оқытудың жаңа технологияларын меңгеріп, сабақта тиімді қолдануда. Оқушылар жас маманның әр сабағына ерекше қызығушылықпен қатысады.
Лицей мұғалімдерінің өзара сыйластығы мен кәсіби ынтымақтастығының негізіндегі шығармашылық жұмысының нәтижесі анық байқалады.
Дарынды балаларды анықтау, іріктеу және ғылыми білімге қызығушылығын арттыру мақсатында жалпы білім беретін 15 пән бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі Ақтөбе қаласында 5-6 қаңтар күндері өткізілді. Ақтөбе білім-инновация лицейінің 16 оқушысы - І орын, 20 оқушысы – ІІ орын, 28 оқушысы – ІІІ орын иеленді. Терең білімімен ерекшеленіп, жеңіс тұғырынан танылған шәкірттерімізді, олардың ұстаздары мен ата-аналарын құттықтаймыз. Республикалық кезеңге жолдама алған оқушыларға сәттілік тілейміз.
Ақтөбе білім-инновация лицейінің 8 «А» класы тәрбиешісі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Жаратылыстану факультетінің 2-курс студенті Сансызбаев Жандос Қайратұлы студенттік өзін-өзі басқару ұйымының жұмысын жетілдіруге белсенді үлес қосқаны үшін дипломмен марапатталды. Әріптесіміздің оқуын үздік аяқтап, білікті маман болып, тек биік шыңдардан көрінуіне тілектеспіз.
Қазақстан Республикасының Президенті атынан өткізілетін Президенттік шырша 26 желтоқсан күні Ақтөбе қаласындағы «Алтын Сарай» мейрамханасында өтті. Биылғы шырша «ЭКСПО-ның жаңа жылдық алауы» атауымен тойланды. Лицейіміздің облыстық білім додаларында үздіктер қатарынан танылған 7-класс оқушылары Алданышев Тұрсынбек, Каримбаев Мәди, Тлегенов Нұрғиса, Төлеген Бекзат Президенттік шыршаға қатысу мәртебесіне ие болды.
Мереке қызықты әрі тартымды өтті. Балалар ертегілер әлеміне саяхат жасап, жаңа жылдық қойылымның ерекше кейіпкерлерімен жүздесіп, ән мен жырға бөленіп, бар өнерлерін ортаға салды. Шара барысында үлкен LED-экраннан Елбасының тікелей бейне құттықтауы жолданды, облыс әкімі Б.М.Сапарбаев өз құттықтау сөзін арнап, жаңа жылдық сыйлықтар тарту етті.
Ақтөбе білім-инновация лицейінде Ақтөбе облысының прокуратурасының қызметкері Әбілқайыров Шыңғыс Мұхтарұлымен кездесу өткізілді. Кездесу-сұхбат барысында оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу жайында дәріс оқылып, балалардың сұрақтарына жауап берілді. Лицейіміздің түлегі болып табылатын Әбілқайыров Ш.М. оқушыларға ақыл-кеңестерін айтып, жүрекжарды тілектерін арнады.
Мектепаралық ынтымақтастықты дамыту, ауыл мектептеріне әдістемелік көмек көрсету және педагогикалық тәжірибе алмасудың бастапқы алаңын құру мақсатында облыс бойынша тірек мектептерге магниттік мектептер бекітілген. Лицей мұғалімдері Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясындағы әріптестерімен ынтымақтаса жұмыс жүргізуде. Жоспарға сәйкес лицейдің химия пәні мұғалімі Балмасов Дамир Табылдыұлы оқушыларды олимпиада және ғылыми жарысқа дайындау іс-тәжірибесімен бөлісті.
Ақтөбе білім-инновация лицейінде Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына орай «Желтоқсанда мұзда жанған алау» тақырыбында осы оқиғасының куәгері, «Үш таған» рухани-танымдық журналының бас редакторы Бақыт Жаншаевамен және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарих факультетінің аға оқытушысы Айшуақ Дәрменұлымен кездесу өткізілді. Кездесу барысында тағылымды әңгіме өрбіді, қонақтар оқушыларды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Лицей қонақтарға өз өнерлерін көрсетті: оқушылары мәнерлеп өлең оқып, күмбірлете күй төгілтті.
Ақтөбе білім-инновация лицейінің 11 "А" класының тәрбиешісі Есенәлиев Райымбек Бөлекбайұлы облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған "Үздік тәрбиеші" байқауына қатысып, жүлделі ІІІ орын иеленді. Әріптесімізді жеңісімен құттықтаймыз. Ел келешегі - бүгінгі жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісінде толағай табыстар тілейміз, биік белестерді бағындыра беріңіз.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақтөбе білім-инновация лицейінде «Ғылым әлеміне 25 қадам» атты білім көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Ақтөбе білім-инновация лицейінің, Назарбаев зияткерлік мектебінің, М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының, Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының, қаламыздағы № 9 орта мектеп-гимназиясының, Новый орта мектебінің оқушылары өздерінің зерттеу жұмыстарын ұсынды.
Білім көрмесінің ашылу салтанатына Ақтөбе Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Садуакасов С.У. қатысты. Білім-инновация лицейінің директоры Я. Мызрак «Ғылым әлеміне 25 қадам» атты көрмеге қатысушыларды Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, сәттілік тіледі. Дарынды балаларға арналған және жаңартылған білім беру бағдарламалары бойынша жұмыс жасайтын пилоттық мектептер арасында әріптестікті нығайту мақсатында бірлескен шаралардың бұл көрме бастамасы екендігін, жыл бойына түрлі жұмыстардың жүргізілетінін атап өтті.
Көрмеге қатысқан 6 мектептің оқушылары математика, физика, химия, биология, информатика, робототехника салалары бойынша зерттеу жұмыстарын ұсынып, дарынды балалардың еңбектері жоғары бағаланды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақтөбе білім-инновация лицейінде 7-класс оқушыларын «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына салтанатты қабылдау жиыны болып өтті.
Үйлесімді, рухани дені сау, әлеуметтік бейімделген тұлғаны және балалар қозғалысының қазақстандық әлеуметтік үлгісін дамыту мақсатында ұйымдастырылған алқалы жиынға құрметті қонақ ретінде лицей түлектері және Ойыл ауданы Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының ұстаздары мен оқушылары шақырылды. Жиынның ең салтанатты сәті - «Жас Ұландарға» галстук тағу құрметі қонақтарға, лицейдің үздік оқушыларына берілді.
Лицей директоры Мызрак Якуп мырза Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесімен құттықтап, «Жас Ұлан» ұйымының жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті. Республикалық қоғамдық бірлестігі «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының ережесіне сай өткізілген шарада Ұланбасы Сабыр Асылан және түлектер мен қонақтар 7-класс оқушыларына құттықтау тілектерін арнады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақтөбе облысы білім басқармасының білім беру ұйымдары арасында ұйымдастырған «25 қайырымды іс» жоспары аясында Ақтөбе білім-инновация лицейінде «Жүректен - жүрекке!» әлеуметтік жәрмеңке-акциясы өткізілді. Акцияның мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін көп балалы, аз қамтылған отбасы балалары мен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған мұқтаж балаларға қолдау көрсету.
Лицей оқушыларының ата-аналары өз қолдарымен дайындағын түрлі нәрселерін жәрмеңкеде ортаға салды. Жинақталған қаражатты қаладағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін, науқас балалары бар отбасыларға және «Үміт» сәбилер үйіне тапсырды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақтөбе облысының дарынды балаларына Елордамыз - Астанаға жолдама берілді. Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың оқудағы ерекше жетістіктері үшін табыс еткен жолдамасымен Астана қаласына сапар шеккен 21 оқушы қатарында Ақтөбе білім-инновация лицейінің 3 оқушысы да болды. Олар – 8 «А» сынып оқушысы Тенельбаев Асылжан, 8 «Ә» сынып оқушысы Бошаев Нұрберген, 11 «Ә» сынып оқушысы Туредин Абылайхан.
Оқушылар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейін, Ұлт көшбасшысы – ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасын, Ұлттық мұражайды аралады. «Бәйтерек» кешенін, «Астана-арена» стадионын және бас қаламыздың көрікті жерлерін тамашалады. Дарынды шәкірттеріміз естен кетпес ерекше әсерге бөленіп оралды.
Ақтөбе білім-инновация лицейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Мәңгілік Елдің ұлы тарихы» тақырыбында тарих апталығы өткізілді. Мақсаты - қоғамдық дамудың қазіргі рухани жаңғыруында жаңаша қадір-қасиетін түсінетін, Отанын сүйетін, тарихын қастерлейтін, бабалар өсиетін орындайтын жан-жақты, ұлтжанды Қазақстан азаматын тәрбиелеу.
Апталықты директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Дузимова А. ашып, апталық жоспарымен таныстырды. Апталық аясында «Тәуелсіздік - мәңгілік ел мұраты» атты жыр шашу, «Тәуелсіздік - қасиет тұнған Ұлы ұғым» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Жас ұрпақты патриотизмге баулу мақсатында тарих пәні мұғалімі Е.Елеуов 8-класс оқушыларымен облыстық өлкетану мұражайының қолөнер көрмесіне саяхат жасады. Тарих пәні мұғалімі А.Батыргалиева «Ғылым мен білімнің дамуы тақырыбында 7 «Ә» класында ашық сабақ өткізді. Апталық аясында оқушыларға «Көшпенділер», «Жаужүрек мың бала» кинофильмдері көрсетілді. «Тәуелсіздік - теңдесі жоқ байлығым» қабырға газеті шығарылып, «Тәуелсіздік - тұғырым» тақырыбында оқушылар арасында эссе жазудан сайыс өтілді. 7-9 кластар арасында «Тәуелсіз елдің білімді ұрпақтары» атты тарихи-танымдық ойын, жоғары класс оқушыларымен брэйн-ринг, 7-10 кластар арасында «Мен елімнің патриотымын» патриоттық ән-жыр байқауы өтті. Жеңімпаздар алғыс хатпен марапатталды. 7-класс оқушыларын «Жас ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер ұйымы қатарына қабылдау жиыны өтті. Мәңгілік Елдің ұлы тарихы ұлықталған апталық «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты мерекелік концерпен аяқталды. Апталыққа оқушылар мен ұстаздар белсене қатысты.
Ақтөбе білім-инновация лицейінің оқушылары информатика пәні бойынша өткізілген Еуразиялық олимпиаданың жеңімпазы атанды. 10 «Ә» класс оқушылары – Аязбаев Данат, Гапуринов Ержан, Қайырлы Нұрлыхан – Алтын медаль жеңіп алды; 10 «А» класс оқушысы Қожахмет Нұрәділ Қола медаль иеленді. Оқушылар жеңістерін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнады.
Олимпиаданы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы білім беру саласындағы үкіметаралық келісімдердің және Ақпараттық технологиялар, механика және оптика Санкт-Петербург ұлттық зерттеу университетімен жасалған ынтымақтастық туралы келісім-шарттың негізінде 2016 жылғы 10-11 желтоқсан күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өткізді.
ТМД кеңістігіндегі елдердің оқушыларынан құралған 50-ден астам команда қатысқан олимпиадада жоғары деңгейдегі білімдерімен танылған шәкірттерімізді және пән мұғалімі Нурматов Б., оқушыларымыздың ата-аналарын құттықтаймыз.
Ақтөбе білім-инновация лицейінде Қазақ тілі күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып өткізілді.
Ана тіліміз ұлықталған күн лицей оқушыларының «Қара жорға» флешмобымен басталды. Мұғалімдер мен оқушылардың «Қазақ нағыз – домбыра» домбыра-пати шарасымен жалғасып, Құрманғазының «Балбырауын» күйі орындалды. «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті» танымдық көрмесі ұйымдастырылды. «Тәтті болмақ та тілден, ащы болмақ та тілден» атты викториналық ойынға оқушылар белсене қатысып, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен терең білімділіктерімен, тапқырлықтарымен танылды.
Лицей мұғалімдері арасында «Жасампаздықтың 25 жылы» атты kahoot ойыны өткізіліп, барша ұстаздар қызығушылықпен қатысты. Бұл шарада лицей ұстаздарының 25 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері жұмбақталды. Бас жүлдені математика пәні мұғалімі Аликулов Асқар ағай жеңіп алды.
Бұл күн әр кластың оқушысы, тәрбиешісі және класс жетекшісінен құралған командалар арасындағы "1001 мақал, 101 жұмбақ» сайысымен тиянақталды. Қорытындысы бойынша 9 «Ә» класы Бас жүлдеге ие болды. Өте тартысты өткен сайыстың әр кезеңі арасында класс жетекшілер өз өнерлерін көрсетіп, әуелете ән шырқады, тебірене өлең оқыды, күмбірлете күй төгілтті.
Барлық класс оқушылары Тәуелсіздік мерекесіне орай жүрек жарды тілектері мен құттықтауларын жеткізді. Шет елде оқып жүрген лицей түлектерінің мерекеге орай бейнежазбамен жолдаған тілектерін тыңдау – бір ғанибет іс болды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында Ақтөбе білім-инновация лицейінің география пәні мұғалімі Қалбек Санзира Өмірзаққызы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Еліміздің білім саласының дамуына өз үлесін қосып, шәкірттері халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда жеңіс тұғырынан танылып, еңбегі еленген әріптесімізді құттықтаймыз.
Ақтөбе білім-инновация лицейінің 11 «Ә»-класс оқушысы Төреғали Әлішер Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңінде қола медаль жеңіп алды. Президенттік олимпиаданың қорытынды кезеңі Қазақстан Тұңғыш Президенті күніне арналған іс-шаралар аясында Елбасымыздың Қарағанды металлургия комбинатында алғашқы еңбек қызметін бастаған Теміртау қаласында өткізілді.
Президенттік олимпиаданың идеясы – қазақстандық оқушылардың білімін жоғарылату, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерге оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру, патриоттық тәрбие беру.
Математика, физика, химия және биология пәндері бойынша өткізілген олимпиаданың аймақтық кезеңінде жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге іріктеу – қашықтық туры мен эссе жазудан үздік танылып, қорытынды кезеңге жолдама алған шәкіртіміз Төреғали Ә. ұстаздарының үмітін ақтады. Қазақстанның дарынды балалары арасында өзін таныта білді. Оқушымыз Төреғали Ә. және оның ата-анасы мен ұстаздарын құттықтаймыз.
Лицей кітапханасының оқу залында 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті күніне «Елімізді ертеңіне жетелеген Елбасы» атты фото шежіре, «Елбасы мерейі - ел мерейі» атты кең көлемді ашық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев еңбектері арқылы пән мұғалімдері мен кітапхана меңгерушісі Утарбаева Г. таныстырылым жасады, оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, Елбасы өнегесін үлгі етті. Лицейдің барлық кластарында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Тұңғыш Президент күніне орай ашық тәрбие сағаттары өткізілді. Оқушылар «Елбасы жолы» фильмін тамашалады.