Навигация

    • Республикалық ғылыми жарыс - Қазақ тілінен алтын медаль

      Республикалық ғылыми жарыс - Қазақ тілінен алтын медаль

         Ақтөбе білім-инновация лицейінің 11 «Ә» сынып оқушылары Бердіғали Әлібек пен Сабыров Ниязбек Алматы қаласында 2017 жылдың 15-17 күндері аралығында өткізілген Республикалық ғылыми жарыста Қазақ тілі пәні бойынша зерттеу еңбектерін қорғап, алтын медаль жеңіп алды. Жеңіс тұғырынан танылған шәкірттерімізді, олардың ата-аналарын және мұғалімі Базарғалиева Б.Т. құттықтаймыз. Биылғы жылы алтын ұясынан қанаттанып ұшқалы отырған оқушыларымызға биік белестерді бағындыра беріңіздер демекпіз.

    • «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының кешенді зерделеуі

      «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының кешенді зерделеуі

         Ақтөбе білім-инновация лицейі қызметі «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы тарапынан кешенді зерделенді. Пән мұғалімдерінің сабақтарына қатысып, оқушылардың білімі мен ұстаздардың әдістемелік шеберлік деңгейі бақыланды. Дарынды балалардың білім көрмесін тамашалап, барлық пән бойынша дайындаған іздену-зерттеу жұмыстарына жоғары баға берді.

    • «Рика» телеарнасындағы сұхбат

      «Рика» телеарнасындағы сұхбат

         Ақтөбе білім-инновация лицейінің 9 «А» сынып оқушысы - О.Жәутіков атындағы Халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері Айтқали Ақылбек «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының әдіскері Джураева Д. бірге жергілікті «Рика» телеарнасында сұхбатқа қатысып, әлемдік деңгейдегі білім сайысында жетістікке жетуінің сырымен бөлісті.

    • Тәрбиешілер күні

      Тәрбиешілер күні

         Ақтөбе білім-инновация лицейінде Тәрбиешілер күні аталып өтілді. «Жас ұлан» өзін-өзі басқару ұйымының жетекшілігімен оқушылар мерекелік концерт дайындап, тәрбиешілерінің құрметіне бар өнерлерін танытты. Құттықтау, алғыстарын жеткізді. Ата-аналар комитеті өкілдері де концертке арнайы келіп, құттықтау тілектерін арнады. Бала тәрбиесінде тәрбиешілердің орны бөлек екендігі айдан анық. Жатақханада балаларды таңертең оятып, қамқор болатын, тәртібін қадағалап, тәрбиесіне зор көңіл бөлетін тәрбиешілерді шын жүректен құттықтап, зор денсаулық және оқуларында жетістік тілейміз.

    • АҚТӨБЕ БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ ЛИЦЕЙІ – «ҮЗДІК ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫ», «ҮЗДІК ОЛИМПИАДАЛЫҚ КОМАНДА» АТАҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ

      АҚТӨБЕ БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ ЛИЦЕЙІ – «ҮЗДІК ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫ», «ҮЗДІК ОЛИМПИАДАЛЫҚ КОМАНДА» АТАҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ

      Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің женімпаздарын марапаттау салтанатын 2017 жылдың 8 ақпан күні Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы залында өткізді.

      2017 жылғы 5-6 қаңтар аралығында өткен облыстық олимпиадаға аудандық және қалалық кезеңнің жеңімпаздары, облыс бойынша барлығы 801 оқушы қатысқан болатын. Өз білімдерін тиісті дәрежеде көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізген 335 дарынды оқушыны қазылар алқасы құрамының өкілдері – Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің ғалымдары мен оқытушылары, педагог – ардагерлер құттықтап, дипломдар, медальдар, гүлдер табыс етті.

         Облыстық олимпиадада лицейіміздің 16 оқушысы - І орын, 20 оқушысы – ІІ орын, 28 оқушысы – ІІІ орын жеңіп алып, Ақтөбе білім-инновация лицейі «Үздік облыстық білім беру ұйымы», «Үздік олимпиадалық команда» атағының иегері атанып, кубокка ие болды.

      Марапаттау салтанатында қаңтар айында Алматы қаласында өткен математика, физика, информатика пәндері бойынша ХIII Халықаралық Жәутіков олимпиадасында әлемнің 15 елінен 400-ден астам оқушылардың арасынан топ жарып, облыс намысын көкке көтеріп, күміс медаль жеңіп алған лицейіміздің 10-сынып оқушысы Қайырлы Нұрлыханға, қола медаль жеңіп алған 9-сынып оқушысы Айтқали Ақылбекке Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың атынан бағалы сыйлық-планшеттер тарту етілді.

      Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Умербекова С.Р. барлық жеңімпаздарды құттықтап, Ақтөбе облысы оқушыларының зияткерлік әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, олимпиаданың келесі кезеңі – республикалық додада дарынды шәкірттердің жетістіктерге жетулеріне шын жүректен тілектестік білдірді.

    • Мұқағали – мәңгілік ғұмыр

      Мұқағали – мәңгілік ғұмыр

         Ақтөбе білім-инновация лицейінде қазақтың ақиық ақыны М.Мақатаев шығармашылығына арналған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-танымдық кеш өткізілді. Шараны қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі Азимова Н.Т. ұйымдастырды. 7 «А» класс оқушылары Мұқағали өлеңдерін жатқа оқып, өмірінен сыр шертті.

    • «Жалын» олимпиадалық резерв мектебі

      «Жалын» олимпиадалық резерв мектебі

         Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы ұйымдастырған «Жалын» олимпиадалық резерв мектебі жұмысына Ақтөбе білім-инновация лицейінің оқушылары да қатысуда. Олимпиадалық резерв мектебінің мақсаты – дарынды және ең үздік оқушыларға теориялық және тәжірибелік білім деңгейлерін жоғарылатуға жағдай жасау, жеке дарындылығын дамыту, зияткерлік, шығармашыл әлеуетті қалыптастыруда жүйелі жұмыс ұйымдастыру, жан-жақты жағдайлар жасау болып табылады.

      Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұстаздарымен республикалық кезеңге дайындықтан өтуде. Университеттің белгілі ғалымдары дарынды жастарға теориялық білім беруде, алдағы үлкен додада бәсекеге қабілетті етіп баптауда аянбай еңбек етуде.

    • Ойыл ауданы Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында өткізілген семинар

      Ойыл ауданы Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында өткізілген семинар

         Ақтөбе білім-инновация лицейінің қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімдері Базаргалиева Б.Т., Азимова Н.Т., Бермагамбетова Н.А. Ойыл ауданы Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда жаңа мазмұнды бағдарламалар жөніндегі оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдері» тақырыбында өткізілген семинарға қатысты. Аталған шара мектепаралық ынтымақтастықты дамыту, педагогикалық тәжірибе алмасу мақсатында білім-инновация лицейі және мектеп-гимназия ұстаздары арасындағы кәсіби желілік қоғамдастық жұмысы аясында ұйымдастырылды. Семинар барысында танымдық сабақтар, ашық сабақтар өткізіліп, дарынды оқушылар шығармашылығынан көрме жасақталып, көріністер ұсынылды және жоғары бағаланды.

    • Зерттеу сабағы

      Зерттеу сабағы

         Ақтөбе білім-инновация лицейінде оқыту мен оқу үдерісін дамыту мақсатында сабақты зерттеу топтары құрылып, жүйелі жұмыс жүргізуде. Аталған жұмыстың басты мақсаты – оқушыларға білім алуға көмектесу және зерттеу тобы мүшелерінің кәсіби дамуына ықпал ету болып табылады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бермағамбетова Нұрила Әбілдақызы 7 «Ә» сыныбында «Бұйрық рай» тақырыбында зерттеу сабағын өткізді. Пән мұғалімдері бірлесе жоспарлау, сабақты өткізу, талдау жұмыстары арқылы оқушылардың білім алғандығының анық дәлелдерін жинақтап, өзара іс-тәжірибе алмасуда.

    • Көздің көру қабілетін жақсартуға болады

      Көздің көру қабілетін жақсартуға болады

         Ақтөбе білім-инновация лицейінде Биология күніне орай пән мұғалімі Молдатаев А.Т. ұйымдастыруымен «Көздің көру қабілетін жақсартуға болады» тақырыбында семинар өткізілді. Әлемде бүгінгі таңда адамдардың 40 % көзінің көру қабілеті нашарлаған. Соңғы 10 жылда көзге түсетін салмақ 25 есе артқан. Бұл көрсеткіш жыл санап өсуде. Семинарда көздің құрылысы, анатомиясы және физиологиясы, көздің көру қабілетінің нашарлауының себептері, адамның қос жанарын сақтау жолдары сөз етілді. 10 «Ә» класының оқушысы Нұрдәулет Сұлтан көздің көру қабілетін жақсарту үшін өз тәжірибесінен пайдалы кеңестер ұсынды. М.Норбековтің көзге арналған күнделікті жаттығуларымен таныстырды. Көздің көру қабілетін жақсартуда психологиялық дайындықтың маңыздылығына да ерекше тоқталды.

    • «Қазыналы қоржын» байқауы

      «Қазыналы қоржын» байқауы

         Ақтөбе білім-инновация лицейінде Қазақ тілі күні аясында мұғалімдер арасында «Қазыналы қоржын» атты байқау өткізілді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері ұйымдастырған байқау шарты бойынша ұстаздар өздері оқыған қазақ қаламгерлерінің шығармаларын қоржын қолына тигенде мүдірмей атаулары қажет. Бірнеше айналым бойынша тосылмай, жылдам жауап беріп, қазақ ақын-жазушыларының туындыларын көп оқыған әріптестеріміз жеңіске жетті. Олар – орыс тілі, әдебиеті пәні мұғалімі Баймуратова З.Ж., тарих пәні мұғалімі Батыргалиева А.Г., география пәні мұғалімі Қалбек С.Ө., ағылшын тілі пәні мұғалімі Бекбаганбетов Н.О., математика пәні мұғалімі Аликулов А.С., информатика пәні мұғалімі Нурматов Б.С. Жеңімпаз ұстаздарды құттықтаймыз, әдебиетке деген қызығушылықтарыңыз шәкірттеріңізге үлгі-өнеге болады деген ниеттеміз.

    • "Жаса, қазақ тілі!"

      "Жаса, қазақ тілі!"

         Лицейімізде "Жаса, қазақ тілі!" тақырыбында өткізілген Қазақ тілі күні аясында 8-сынып оқушылары арасында дебат турнирі ұйымдастырылды. "Ғаламтордың пайдасы мен зияны қандай?" деген мәселені талқылауға арналған ойкөкпарда балалар өз пікірлерін нақты жеткізіп, ой-тұжырымдарын дәлелдей білді. Оқушылардың жеке тұлғалық қасиеттерін, ауызша тілдік дағдыларын дамытуға бағытталған шара соңында  барлық  қатысушы  өз ой-пікірлерін ортаға салып, өзекті мәселеге орай өз пайымдауларын жеткізді. 

    • Алау эстафетасы

      Алау эстафетасы

         Ақтөбеде XVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың алауы тұтанды. Шаһардың орталық көшелерімен жүріп өткен алаугерлерді Ақтөбе білім-инновация лицейінің оқушылары да тамашалап, еліміздің спортшыларына жеңіс тіледі.

      Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет өткелі отырған жастардың жаһандық басты жарысы Студенттер спортының халықаралық федерациясының қамқорлығымен ұйымдастырылып жатыр. Универсиадаға әлемнің 50-ден астам мемлекетінен 2 мың жас спортшы қатыспақ.

    • «Ағылшын тілі сабақтарында қолданылатын инновациялық технологиялар» тақырыбында семинар

      «Ағылшын тілі сабақтарында қолданылатын инновациялық технологиялар» тақырыбында семинар

         2017 жылдың 25 қаңтары күні Ақтөбе білім-инновация лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Ағылшын тілі сабақтарында қолданылатын инновациялық технологиялар» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Семинарға магниттік мектеп - Ойыл ауданы Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының ағылшын тілі мұғалімдері қатысты. Аталған шараның мақсаты – мектепаралық ынтымақтастықты дамыту, ағылшын тілі сабақтарында қолданылатын инновациялық технологиялар және оқушыларды пәндік олимпиадаларға дайындау жөніндегі іс-тәжірибемен бөлісу болып табылады. Семинар-тренинг барысында «Sport» тақырыбында 7 «А», «Ә» сыныптарында Қалқайбек Н., Қасенова Г. ашық сабақ өткізді. Шәкірттері республикалық, облыстық олимпиадада жеңімпаз атанып жүрген мұғалім Аймукатов Т. оқушыларды олимпиадаға дайындау әдістемесімен, тәжірибесімен бөлісті. Бекбаганбетов Н. «Ағылшын тілі сабақтарында қолданылатын жаңа технологиялар» тақырыбында шебер-класс өткізді. Семинарға қатысушыларға сертификат табыс етілді.

    • «Пән мен тілді кіріктіріп оқыту (CLIL) әдісі»

      «Пән мен тілді кіріктіріп оқыту (CLIL) әдісі»

         Ақтөбе білім-инновация лицейінің химия пәні мұғалімі Балмасов Дамир Табылдыұлы лицей мұғалімдерінің әдістемелік кеңесінде «Пән мен тілді кіріктіріп оқыту (CLIL) әдісі» тақырыбында шебер-класс өткізді. Блум таксономиясына негізделіп, қарапайымнан күрделіге қарай жоспарланған шебер-класта пән мен тілді кіріктіріп оқытуда топтық, жұптық жұмыс түрлерін ұйымдастыру арқылы оқушылардың кең ауқымды дағдыларын дамыту жолдары талқыланды. Озық тәжірибесімен бөліскен әріптесімізге үлкен жетістіктер мен еңбегіне жеміс тілейміз.

    • Спортшымен кездесу

      Спортшымен кездесу

         Ақтөбе білім-инновация лицейінің 9 «А» сыныбының оқушылары аралас жекпе-жектен өткен әлем чемпионатында 77 келілік жартылай орташа салмақта күміс медаль жеңіп алған ақтөбелік спортшы Гойти Дазаевпен кездесті. Кездесуді ата-аналар сынып жетекшісі Нурматов Б., тәрбиешісі Нұрмағамбетов С. бірлесе ұйымдастырды.

      Әлемдік додада жүйрік атанған спортшы кездесу барысында оқушылардың түрлі сауалдарына жауап берді. Спорттық Олимп жолының бастауы туралы, ең қиын жекпе-жек жөнінде, үлгі тұтатын тұлғалары жайында, сүйіп оқитын шығармалары және т.б. сұрақтарға тұшымды жауап беріп, қызықты әңгіме өрбіді.

    • XIII Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жүлдегерлері

      XIII Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жүлдегерлері

         XIII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы (IZhO) қорытындысы бойынша информатика пәнінен Ақтөбе білім-инновация лицейінің 10 «Ә» класс оқушысы Қайрлы Нұрлыxан күміс медаль, 9 «А» класс оқушысы Айтқали Ақылбек қола медаль жеңіп алды.

      Олимпиада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласында 2017 жылдың 12-18 қаңтары күндері өткізілді.

      Әлемнің 15 елінен 400 оқушы қатысқан білім додасында еліміздің намысын абыроймен қорғаған оқушыларымызды, олардың ұстазы Б.С.Нурматовты және ата-аналарын құттықтаймыз. Дарынды шәкірттерімізге білім биігін бағындыра беріңіздер деп тілек білдіреміз.

    • Республикалық футбол турнирінде – қола медаль

      Республикалық футбол турнирінде – қола медаль

         Астана қаласында білім-инновация лицейлері оқушылары арасында республикалық футбол турнирі өткізілді. Турнирге 25 команда қатысты. Жарыстың ашылу салтанатына олимпиада чемпионы Серік Сапиев арнайы келіп, жасөспірімдердің спортпен шұғылдану талаптарын қолдап, әрдайым салауатты өмір салтын сақтауға шақырды. Оқушылар арасындағы Респубикалық футбол турнирінде Ақтөбе білім-инновация лицейінің оқушылары қола медаль еншіледі. Құттықтаймыз!

    • Оқыту тиімділігі – озық технологияларда

      Оқыту тиімділігі – озық технологияларда

         Білім басқармасының бастамасымен шағын жинақты мектеп мұғалімдеріне қолдау көрсету мақсатында каникул уақытында ұйымдастырылатын «Каникулдық мектеп» жұмысына Ақтөбе білім-инновация лицейінің информатика пәні мұғалімі Нурматов Бабир Саиткаримұлы қатысып, озық іс-тәжірибесін таратты.

      «Каникулдық мектеп» жұмысы үш аудандық ресурстық мектеп базасында - Қобда ауданы Егіндібұлақ ауылы И.Құрманов атындағы орта мектебі, Мұғалжар ауданы Ақкемер ауылы Ақкемер орта мектебі, Хромтау ауданы Бөгетсай ауылы Бөгетсай орта мектебінде ұйымдастырылды. «Каникулдық мектеп» жұмысына педагогикалық тәжірибе алмасу мақсатында жақын орналасқан аудан мектептерінің мұғалімдері қатысты.

    • С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасында

      С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасында

         Ақтөбе білім-инновация лицейінің оқушылары С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткізілген ақтөбелік ақын Виктор Ширконың «Солнечное эхо» атты кітабының тұсаукесер шарасына кітапхана меңгерушісі Утарбаева Г.Б. бірге қатысты. Тұсаукесер кешті аталған кітапхананың қызметкері Р.Қарағұлова ақын В.Ширконың өмірбаянымен таныстырып бастады. Лицей оқушылары Данияров Саукен, Есенаман Сәндібек ақынның «Тюльпаны», «Актюбинск», «Журавли», «Любимой» атты өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтып, тыңдармандарды тәнті етті. Шара барысында көптеген жыр жинақтарының авторы В.Мартыненко ұстазы В.Ширко туралы ой бөлісіп, оқырман қауымға алғысын білдірсе, ардагер журналист, ақтөбелік ақын М.Тугилова В.Ширко туралы естеліктерін әңгімелеп берді. Кітаптың жарық көруіне кітапқа қолдау көрсеткен Альмира мен Ренат Хасиповтар жылы лебіздерін білдіріп, өз ойларын ортаға салды. Кеш соңында лицей оқушысы Алданаев Данияр Р.Хасиповтың «Виктор Ширко» атты арнауын жатқа айтып берді. Кітапханада ақынның шығармашылығына арналған фото-шежіре слайд, «Голос доброй поэзии» атты кітап көрмесі оқырмандарға ұсынылды.

    Contact

    • Ақтөбе Білім-инновация лицейі
      Ағ. Жұбановтар көшесі, 263а, Актобе 030012, Казахстан
    • 8 (7132) 564578

    Map