Навигация

    • «Қоғамдық тәртіп негіздері» атты пікірталас

      «Қоғамдық тәртіп негіздері» атты пікірталас

         Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе білім-инновация лицейінде оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Адам.Қоғам.Құқық» пәнінің мұғалімі Батырғалиева А.Ғ. ұйымдастыруымен «Қоғамдық тәртіп негіздері» тақырыбына 9-10 класс оқушылары арасында пікірталас өткізілді. Пікірталасқа қатысқан оқушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, өзекті тақырып төңірегінде сөз қозғалды.

    • «География әлеміне саяхат»

      «География әлеміне саяхат»

         Ақтөбе білім-инновация лицейінде оқушылардың географиядан алған білімдерін толықтыру, ойлау, жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыра отырып, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы елеулі өзгерістері туралы білімдерін жетілдіре отырып, ізденушілікке баулып, дүниетанымын кеңейту мақсатында «География әлеміне саяхат» шарасы өткізілді.

      «Қызықты география - Кім білгір?» ойыны «kahoot» әдісімен өткізілді. Бұл ойынға 7 және 8-класс оқушылары қатысты. Ойын 3 бөлімнен тұрды.1-бөлімде жалпы география сұрақтары, 2-бөлімде Қазақстан географиясына, ал 3-бөлімде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бейнесұрақтар тапсырмалары болды. Ойын оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты құрастырылды. Оқушылар берілген уақыт аралығында тапсырмаларға тез жылдам жауап тапты. дұрысын компьютерге белгілеулері қажет. Жалпы ұпай саны бойынша алғашқы 5 алғашқы оқушы жүлделі орынды иеленді. Олар: Шмитов А.,Нақберген Н.,Тажиев М., Төлеген Б.

      Әр сабақтан кейінгі үзілістерде күні бойы «Мен әлемді білем бе? – Тылсым әлем жұмбағы» танымдық ойын өткізілді. Бұл ойынға лицей оқушылары мен ұстаздар қауымы қатысты. Мақсаты - күнделікті қолданыста пайдаланатын елдердің астаналарын және оларды глобустан көрсету, Қазақстан қалаларындағы өзгерістер мен жаңалықтарға байланысты тапсырмаларды шешу. Бұл танымдық шараға қатысушылар аса қызығушылықтарын танытты.10 сұрақтан аса жауап берген қатысушылар жүлдегер атанды. Олар: Туредин А., Қажымұханов А., Тұрар Н., Ізімғали Е.

      Оқушылар бұл шараға үлкен қызығушылықпен қатысты.

    • Профилактикалық медицина

      Профилактикалық медицина

         Ақтөбе білім-инновация лицейінде «Профилактикалық медицина» тақырыбында биология пәні күні өткізілді. Пән мұғалімі Алигасан Молдатаев тарапынан 7-10 класс оқушыларына таныстырылым ұйымдастырылды, ал 11-класс оқушылары үшін еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – аурудың алдын алу туралы екі сағаттық дәріс өткізілді.

      Биология күнінде Жапония елі мысалға алынды. Өткен ғасырдың 80-жылдарында бұл ел адам өмірінің ұзақтығы жөнінен төменгі сатыда болатын. Алайда бүгінгі таңда Жапония бұл көрсеткіш бойынша өте жақсы деңгейде. Мұндай ауқымды өзгеріс профилактикалық медицина арқылы жүзеге асырылды. Ал профилактикалық медицина мектеп қабырғасынан бастау алды, сонда 40 жыл ішінде адам денсаулығын сақтау ісінде үлкен бетбұрыс жасалған.

      Дені сау адам – ел игілігіне еңбек етер тұлға болып табылады.

    • «Өзін-өзі тану» олимпиадасының жүлдегерлері

      «Өзін-өзі тану» олимпиадасының жүлдегерлері

         «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының , «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен Ақтөбеде «Өзін-өзі тану» пәні бойынша республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. Олимпиаданың мақсаты – құндылық бағдарларды қалыптастыру арқылы балалар мен жасөспірімдерге рухани-адамгершілік білім беру, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту, тұлғалық қасиеттерін, азаматтық ұстанымын көрсету, өзін-өзі жетілдіруге және өзін-өзі тануға ұмтылысын қолдау.

      Олимпиада нәтижесінде лицейдің 9 «А» класс оқушысы Лиман Нұрсұлтан мен 8 «Ә» класс оқушысы Бошаев Нұрберген жүлделі ІІ орын , 9 «А» класс оқушысы Аманбай Барақ пен 8 «Ә» класс оқушысы Айбар Метин Джан жүлделі ІІІ орынмен марапатталды.

    • Бас Прокурормен кездесу

      Бас Прокурормен кездесу

         Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Бас Прокурор Жақып Асанов үздік оқушылармен және студент жастармен кездесті. Кездесуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

      Ақтөбе білім-инновация лицейінің оқушылары да кездесуге қатысу құрметіне ие болды, олар Жақып Асановтың балалық шағынан, студенттік шағынан және жетістіктері туралы тәлімді әңгімелерге қанықты, бала тәрбиесі туралы ойларын біліп, қылмыс жөнінде айтқан сөздерін жадына түйді.

      Балалармен емен-жарқын әңгімелескен Бас Прокурор арманға жету үшін әрбір адам өзін-өзі дамытуы, белсенді болуы және алға ұмтылуы керек екендігіне тоқталды. Өз жұмысына беріліп, ерінбей оқып, тер төккен адам ғана бір саланың маманы, шебері болып шығатынына, осындай өз ісінің шеберлеріне міндетті түрде сұраныс та жоғары болатынына ерекше тоқталып өтті. Әлемде және елімізде орын алып отырған экстремизм мен терроризм қаупін арнайы сөз етті. Ашық пікір алмасу жағдайында өткен кездесу барысында Бас Прокурор оқушылар мен студенттердің сұрақтарына жауап берді.

    • Ата-аналарға «Ашық есік» күні

      Ата-аналарға «Ашық есік» күні

         2016 жылғы 15 қазан күні Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатының ұстаздары ата-аналарға «Ашық есік» күнін ұйымдастырды. Ата-аналар мен ұстаздар балалардың тәртібі мен мінез-құлқы, оқуға ынтасы мен үлгерімі туралы пікірлесті. Әр пән мұғалімі сабақтардағы және сыныптан тыс жүргізілген жұмыстарға да шолу жасап, ата-аналарға балаларының белсенділігі мен қызығушылықтарын баяндады. Оқушылардың алдағы білім тексеру сынақтарына дайындық деңгейі таныстырылды. Балалардың түрлі білім олимпиадаларына дайындалу жұмысының барысы да сөз етілді. Ата-аналар класс жетекшілері мен тәрбиешілерден, лицей әкімшілігі мен психологінен өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

    • «Жырын тыңда Дулаттың»

      «Жырын тыңда Дулаттың»

         2016 жылғы 12 қазан күні Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жалпы ұлттық оқылымға таңдалған қазақ жырының дүлділі, адуынды ақын Дулат Бабатайұлының шығармашылығына арналған «Жырын тыңда Дулаттың» атты әдеби кеші өтті. Әдеби кешті кітапхана меңгерушісі Утарбаева Гүлмира Бексұлтанқызының ұйымдастырды.

      Кештің мақсаты – оқырман қауымына қазақ жырының дүлділі Дулат Бабатайұлының өз кезеңіндегі әлеуметтік және тәрбиелік мәні зор мәселелерді арқау етіп, өскен жерге деген перзенттік шынайы сезімін паш ететін шығармаларын таныстыру. Қазақ халқының төл әдебиетін, мәдениетін құрметтеуге баулып, ақынның лирикалық өлеңдерін, толғаулары мен дастандарын насихаттау.

      Кеш барысында лицей оқушылары Аманбай Б., Тұрланов А., Муканов Б., Алимхан А. ақын өлеңдерін мәнеріне келтіріп жатқа айтты. Д. Бабатайұлының «»Еспенбет» поэмасынан үзіндіні 9-класс оқушысы Лиман Н. оқыды. Кеш барысында фото-шежіре слайд, «Бабалар – асыл даналар» деп аталатын бейнематериал көрсетілді. Әдеби шараға арнайы шақырылған Облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы Кайнакаева Азатгуль Жасұланқызы «Дуалы ауызды Дулат ақын» атты кітап көрмесімен таныстырып, Дулат Бабатайұлының ақындығы, жыраулығы туралы айшықты ойларымен бөлісті. Кеш соңында 7-класс оқушысы Айқожа Әділет Құрманғазының «Адай» күйін барша оқырман қауымға, қонақтарға тарту етті.

    • Ұланбасы сайлауы

      Ұланбасы сайлауы

         Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатында 2016 жылғы 14 қазан күні Республикалық қоғамдық бірлестігі «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының Ұланбасы сайлауы өткізілді.

      Республикалық қоғамдық бірлестігі «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы балалар қоғамдық ұйымдарының қызметтері, жас ұрпақтың қоғамдағы орнын өзі белгілеуі және мүмкіндіктерін іске асыруы, жеке басын әлеуметтендіруі жөніндегі маңызды институт болып табылады. Бүгінгі таңда айтулы ұйым жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаруда.

      «Жас ұлан» ұйымы лицей оқушыларының өзін-өзі басқару жұмысын жүргізеді. Оқу жылы барысында мерекелерге орай атқарылатын барлық жұмыстар «Жас Ұлан» мүшелерінің белсенді қатысуымен жүргізіледі.

      Ұйым жұмысының ең маңызды кезеңі - Ұланбасын сайлау. Сайлау жұмыстары белгіленген ережеге сай ұйымдастырылып,өз деңгейінде өткізілді. Ұланбасына үміткерлер оқушылар тарапынан алдын ала анықталып, олар ақпараттық насихат шараларынан бастап ереже аясындағы белгіленген жұмыстарды толығымен орындады. Нәтижесінде 14 қазан күнге белгіленген сайлау лицей ұжымы және оқушылары арасында дауыс беру арқылы өтіп, жаңа Ұланбасы – 10 «А» класс оқушысы Сабыр Аслан сайланды.

      Осыған дейін Ұланбасын міндетін атқарған 11 «Ә» класс оқушысы Аманғос Еламан жаңа сайланған ізбасарына сәттілік тіледі.

    • Ұрпақтар сабақтастығы

      Ұрпақтар сабақтастығы

         «Біздер, бүгінгі жас ұрпақ, бақытты балалық шағымыз үшін аға буынға қарыздармыз. Ата-әжелеріміздің ақылын тыңдап, тәрбие тағылымын бойымызға сіңіріп, болашаққа бағдар аламыз», - дейді Ақтөбе қазақ-түрік лицейінің жас өрендері.

      Дана халқымыз «Қарты бардың – қазынасы бар» дегендей, айналасына үлгі-өнегесімен танылған, ақылшы боп отырған аға буынды ардақтап, өмірлік тәжірибесіне толы тәлімді әңгімесін тыңдау – бүгінгі шәкірттер үшін өте қажет тәрбие жұмысы болып табылады. Әр сыныптың тәрбие жұмысында осы іске ерекше мән берілген, жетекші және тәрбиешілерімен бірге ата-әжелерге арнайы барып, сұхбаттасып, ұлттық тәрбие нәрін бойына сіңіреді.

    • Көп тіл білгеннің көкжиегі кең

      Көп тіл білгеннің көкжиегі кең

         Ағылшын тілі күнінде оқушылардың ағылшын тіліне қызығушылығын арттыру, сөйлеу қабілетін шыңдау, ойын еркін жеткізуге баулу мақсатында «Let’s play computer game», «Grammar Games», «Lipsync battle», «Polyglot Game» ойындары өткізілді.

      Халқымыз «Жеті жұрттың тілін біл» дегендей, оқушылар мен ұстаздар ерекше белсенділік танытқан маңызы зор бұл шаралар жыл бойы жалғасын таппақ.

    • «Величие и богатство русского языка»

      «Величие и богатство русского языка»

         «Величие и богатство русского языка» тақырыбымен орыс тілі күнінде «Падежи», «Несуразные вещи» атты саханалық көріністер қойылып, «В мире сказок» атты әдеби викторина ұйымдастырылды. Оқушылар қызығушылығы мен белсенділігі жоғары болды.

    • Түрік тілі күні

      Түрік тілі күні

         Жылдық жоспар бойынша биылғы оқу жылында әр тілгебір күннен белгіленіп, жұмыс жүргізілуде. Түрік тілі күнінде «500 теңгені кім ұтып алады» атты ойын өткізілді, танымдық көрме ұйымдастырылды. Оқушылар сайыстарға белсене қатысты.

    • «Қазақ тілім – өз тілім, ана тілім, Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім»

      «Қазақ тілім – өз тілім, ана тілім, Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім»

         Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 22 қыркүйек – Қазақстан халқының Тілдері күні қарсаңында Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатында «Қазақ тілім – өз тілім, ана тілім, Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім» тақырыбында қазақ тілі күні аталып өтті.

      Қазақ тілі күні оқушылардың өлең-жырдан шашу шашып, ақиық ақындардың шығармаларын тебірене оқыды. «Тіл – халық қазынасы, ұлт шежіресі» атты бейнефильм көрсетіліп, «Туған тілің – тұғырың» тақырыбында көрме тамашалауға ұсынылды. Оқушылар арасында мәнерлеп оқу байқауы ұйымдастырылды. «Тіл тағдыры – барша қазақ халқының тағдыры» атты пікірсайысқа, «Тілім – тіршілік нәрі» атты тренингіге оқушылар белсене қатысты. «Мақал – сөздің азығы, Жұмбақ - ойдың қазығы» атты сайыста балалар бақ сынап, тапқырлықтарын танытты.

      Ұлттық тілімізді ұлықтайтын мерекеде өте мазмұнды ұйымдастырылған іс-шаралар көптің көңілінен шықты.

    • «Әкем, анам және мен» сайысы

      «Әкем, анам және мен» сайысы

         Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатында «Әкем, анам және мен» атты отбасылық спорт сайысы өте қызықты өтті.

      Биылғы оқу жылында күрделі жөндеуден өткен спорт залында басталған сайысты лицей директоры Якуп Мызрак ашты, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарысқа 7 және 8 сынып – барлығы төрт сыныптың командасы қатысты.

      Сайысқа қатысушылар да, олардың жанкүйерлері де сайысқа ерекше құлшыныспен, қызығушылықпен, үлкен дайындықпен келгендігі бірден көзге түсті. Жанкүйерлер үмітін ақтау үшін командалар бар күш-жігерін аямады.

      Өте тартысты өткен бәсеке қорытындысында 7 «А» сыныбының «Барыс» командасы Бас жүлде – жеңімпаз кубогын жеңіп алды. І орынды 8 «А» сыныбының «Барыс» командасы, ІІ орынды 8 «Ә» сыныбының «Жігер» командасы иеленді. ІІІ орынды 7 «Ә» сыныбының «Қыран» командасы еншіледі. Қатысушы командалардың барлығы дипломдармен марапатталды.

    • «Брэндинг және бизнес» тренингіне қатысқан оқушылар

      «Брэндинг және бизнес» тренингіне қатысқан оқушылар

        Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатының оқушылары «Брэндинг және бизнес» атты оқушыларға арналған тренингке қатысты. Тренингті ұйымдастырушы – Қазақстандағы «EF Academy» өкілдері және қалалық мәслихат депутаттары болып табылады.

      Тренинг ағылшын тілінде өткізілді. Америкалық кәсіпкер, «EF Academy» мектебінің оқытушысы Джон Норман оқушыларға бренд туралы, бизнестегі келісімге келудің маңызы жөнінде дәріс оқыды, тәжірибесімен бөлісіп, пайдалы кеңестерін айтты. Бұл шара оқушыларға өте ұнады.

    • Соғылды алғаш қоңырау

      Соғылды алғаш қоңырау

        Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатында 1 қыркүйек – Білім күні мерекесінде алғашқы қоңырау үні сыңғырлады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Қазақстан Республикасы Конституция күніне арналған салтанатты жиынға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Есқалиев Ғали Нажмеденұлы қатысып, лицей ұжымына, оқушыларына, ата-аналарға ақ тілегін жеткізді және республикалық деңгейдегі білім сайыстарында үздік атанған шәкірттерді марапаттады.

      Лицей оқушылары жаңа оқу жылын халықаралық олимпиадада үлкен жеңістермен қарсы алып отыр: 2016 жылғы 23 шілде – 1 тамыз күндері аралығында Грузияның Тбилиси қаласында өткен химия пәні бойынша Халықаралық олимпиадаға лицей оқушысы Тасанов Аят қатысып, қола медаль жеңіп алды. 2016 жылғы 12-19 тамыз күндері аралығында Татарстанның Қазан қаласында Информатика пәнінен өткен халықаралық олимпиадаға лицей оқушысы Алтыбай Назарбек қатысып, күміс медальға ие болды.

      Лицей ұжымы мен оқушыларын ата-аналар атынан Қазақстан Халқы Ассамблеясы мүшесі Ким Марина Алексеевна мерекемен құттықтап, ел Тәуелсіздігі тойланар айрықша жылы жаңа жетістіктер тіледі. Лицей оқушылары «Қазақтай ел қайда» деп әсем ән шырқап, күмбірлете күй төгілтті. Салтанатты жиыннан соң барлық класта «Мен өз Отанымның патриотымын» тақырыбында сабақтар өткізілді.

    • Ақтөбе ҚТЛ – 70 орын!

      Ақтөбе ҚТЛ – 70 орын!

      Ақтөбе облысының білім басқармасы, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік  қосымша білім беру орталығы тарапынан Ақтөбе қаласында қаңтардың 5 – 6 күндері жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық облыстық кезеңі өткізілді.

      Олимпиадаға Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатының 74 оқушысы қатысып, оның 70-і жүлделі орындарға қол жеткізді. І орын – 29 оқушы; ІІ орын – 23 оқушы; ІІІ орын – 18 оқушы жеңіп алды. Олимпиадада лицейдің дарынды шәкірттері қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, тарих, география, математика, физика, информатика, биология, химия пәндері  бойынша жетістіктерге қол жеткізді.

      Лицейдің 40 оқушысы республикалық олимпиадаға жолдама алды. Терең білім деңгейін танытқан оқушыларымызды, оларды білім бәйгесіне үкілеп қосқан  ұстаздары мен ата-аналарын құттықтаймыз.

    • «Жас ұланға» қабылдау

      «Жас ұланға» қабылдау

       Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатында Қазақстан Республикасы  Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Республикалық қоғамдық бірлестігі  «Жас Ұлан»  балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына  салтанатты  қабылдау жиыны болып өтті.

          Үйлесімді, рухани дені сау, әлеуметтік бейімделген тұлғаны және балалар қозғалысының қазақстандық әлеуметтік үлгісін дамыту мақсатында ұйымдастырылған алқалы жиынға құрметті қонақ ретінде лицей түлектері Мұхамбетов Мұрат, Құлжанов Ернар, Сабиров Асланбек, Құлжанов Бақытжан, сондай ақ лицейде қызмет ететін ұстаздар – лицей түлектері Аймұқатов Төлеген және Бисекенов Бауыржан, Нұрмағамбетов Нұрбол шақырылды. Жиынның ең салтанатты сәті - болашақ  «Жас Ұландарға» галстук тағу құрметі құрметті қонақтарға, лицейдің үздік оқушыларына берілді.

          Салтанатты жиын барысында «Жас Ұлан» қатарына 7-сыныптың 46 оқушысы қабылданды. Республикалық қоғамдық бірлестігі  «Жас Ұлан»  балалар мен жасөспірімдер ұйымының ережесіне сай өткізілген шараға  Ұланбасы Еламан Аманғос, лицей оқушыларының парламенті белсенділік танытты.

          Лицей директоры Мызрак Якуп мырза салтанатты жиынды қорытындылап,  «Жас Ұлан»  ұйымының  жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын атай келе, «Жас ұландарды» құттықтады.

      Құлманов Арғын, педагог-ұйымдастырушы


        

    • «Ақтөбе облысының жыл адамы - 2015» атағымен марапатталған оқушы

      «Ақтөбе облысының жыл адамы - 2015» атағымен марапатталған оқушы

      Тәуелсіздік күніне орай Ақтөбе облысының әкімі Сапарбаев Бердібек Машбекұлы Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатының 11-сынып оқушысы, информатика пәні бойынша халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы Алтыбай Назарбекті  «Ақтөбе облысы жыл адамы-2015» атағымен марапаттады.

      Алтыбай Назарбек информатика пәні бойынша түрлі олимпиадаларға қатысып, төмендегідей жетістіктерге жетті:

            2011-2012 оқу жылында  «КATEV» халықаралық қоғамдық қоры қазақ – түрік лицей оқушыларының арасында өткен білім олимпиадасында  информатика пәнінен Алтын медаль, 2012-2013 оқу жылында облыстық олимпиадада Күміс медаль, Талдықорған қаласында  өткен республикалық пәндік олимпиадада Қола медаль, 2013-2014 оқу жылында облыстық олимпиадада Алтын медаль,  Өскеменде қаласында өткен республикалық пәндік олимпиадада Алтын медаль,  2014-2015 оқу жылында облыстық олимпиадада  Алтын медаль,  Орал қаласында өткен республикалық пәндік олимпиадада  Алтын медаль  және   2014 жылы V Еуразиялық халықаралық   олимпиадада Қола медаль, 2015 жылы  VІ Еуразиялық халықаралық   олимпиадада Күміс медаль, О.Жаутыков атындағы халықаралық олимпиадада  Күміс медаль, халықаралық «XXVII  International Olympiad in Informatics»  олимпиадасында Күміс медаль жеңіп алған. Ол сапалы білім, саналы тәрбиесімен ерекшеленеді. Алтыбай Назарбек - шығармашылыққа жаны жақын оқушы, облыстық жыр мүшәйрасында талай мәрте бас жүлде иеленген. Ұлтымыздың рухани мәдениетін жақсы біледі.

      Ел үміті, дарынды оқушы – Алтыбай Назарбекті, ата-анасын, ұстаздарын үлкен марапатпен құттықтаймыз.


    • «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тақырыбында ата-аналарға ұйымдастырылған семинар

      «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тақырыбында ата-аналарға ұйымдастырылған семинар

      Дарынды жасөспірімдерге  арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатында  «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тақырыбында ата-аналарға семинар ұйымдастырылды.  Семинар мақсаты - дарынды оқушылардың тәрбиесіндегі қиыншылықтар, түсініспеушіліктердің алдын  алу және  де бала бойында  білім мен тәрбиенің қатар дамуын  қалыптастыру,  отбасы - ата-ананың бала  тәрбиесінде белсенділігін  арттыру, сол бағытта ата-аналардың  әлеуметтік пікірін, сапалық және  білім деңгейін, мәдениетін зерттеу және олардың балаларының психологиялық ерекшеліктеріне, көңіл-күйіне мән бере білуге бағыттау.  

      Семинарды лицей директоры Якуп Мызрак алғы сөзбен ашып, мектеп пе ата-ана жұмысының маңыздылығына тоқталды. Лицей директоры  биылғы оқу жылында сайланған парламент мүшелерімен  таныстырып, істеріне сәттілік тіледі. Семинар барысында  директордың ата-анамен жұмыс жөніндегі  орынбасары Оксюз Рахман «Бала тәрбиесіндегі  ата-ананың алатын рөлі» деген тақырыпта бейне материалдар, слайдтар көрсетіп,  түрлі мысалдармен, тақырыптың өзектілігін өмірлік қағидалармен  шебер жеткізді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Баймаханов Батырхан лицейдегі тәрбиелік жұмыстармен  таныстырып,  оқушылармен қатар ұстаздар мен ата-аналардың бірлесе жүргізіп жатқан іс-шаралар нәтижесі жөнінде таныстырып өтті. Семинар соңында лицей психологі Жантикенова Кенжегүл Қартбайқызы тарапынан «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ» тақырыбында бейнероликтер көрсетіп, ата-аналарға бала тәрбиесіне көмек ретінде жадынамалар таратып, сауалнамалар алынды. Қатысушы ата-аналар  пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, алған әсерлерімен   бөлісті.  

      Семинардың пайдалылығы мен өзектілігін ерекше атап өтіп, алғыстарын білдірді.  


    Contact

    • Ақтөбе Білім-инновация лицейі
      Ағ. Жұбановтар көшесі, 263а, Актобе 030012, Казахстан
    • 8 (7132) 564578

    Map