Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық қазақ – түрік лицей интернатында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына арналған «Ынтымақ-достық кепілі» атты мерекелік кеш болып өтті. Қазақстан халқының бірлігін насихаттау, ұлттар арасындағы қарым-қатынасты нығайту, республика көлемінде аталып өтілетін мерекелік шараларға атсалысу мақсатында ұйымдастырылған шараға лицей ата-аналары мен оқушылары белсенді қатысты. Мерекелік шара барысында ұлттардың мәдениетін, өнерін және ұлттық тағамдарын көрермендерге тарту ретінде ұсынған қатысушылар мерекенің шырайын келтірді. Қазақ, кәріс, шешен, түрік, орыс, грек, татар, өзбек ұлттарының тарихымен таныстыруды мақсат еткен қатысушылар жоғарыда аталған ұлттардың салт- дәстүрлерімен қатар әндерін орындап, келген қонақтардың көңілінен шықты. Кеш соңында лицей директоры Мызрак Якуп мырза қорытынды сөз сөйлеп, бірлігімізді бекемдеген қазақ елінің достығына ризашылығын білдірумен қатар бүгінгідей шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға түрлі номинациялар бойынша Мақтау қағазын табыс етті.
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе
облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатында 7-8 сынып оқушыларының ата-аналарына Ашық есік күні өткізілді. Ата-аналар лицей әкімшілігімен, пән мұғалімдерімен, сынып жетекшілері, тәрбиешілерімен, лицей психологі, дәрігерлерімен сұхбаттасып, балаларының оқу үлгерімі, ынтасы, сабаққа және түрлі сыныптан тыс жұмыстарға қатысу деңгейі, тәртібі, олимпиадаларға дайындалу барысы туралы мағлұматтар алды. Бала тәрбиесінде маңызы зор осындай шаралар келешекте де жүйелі жалғасын таппақ.
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе
облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты
Ақтөбе облыстық қазақ-түрік лицейінде Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры Муканов Алмаз Джубайұлы, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Хамза Рақымжан Орынбайұлы, бағдарлы оқыту бойынша орынбасарлары Кенжеалиева Ботагөз Сағындыққызы, Рысбеков Бақытжан Қамбарбекұлы, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сагитова Гульфайруз Болатқызы, жатақхана меңгерушісі Дағыс Асылбек Дағысұлының қатысуымен іс-тәжірибе алмасу мақсатындағы дөңгелек үстел өткізілді. Шара барысында оқу-тәрбие, әдістеме мәселесі кеңінен талқыланды.
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе
облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты
Ақтөбе облыстық қазақ-түрік лицейінің 7 «А» сынып оқушылары ұстаздарымен, класс жетекші, тәрбиеші және ата-аналарымен бірге табиғат аясында тынығып, қызықты жарысқа да қатысты. Аталған іс-шараны өткізудегі негізгі мақсат – жасөспірімдерді ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу. Сонымен қатар түрлі жорықтарды ұйымдастыру арқылы оқушылардың жеке тұлғасын дамыту, оқушыларының бойында экологиялық тәрбие мен туристік дағдыларын қалыптастыру. «Туристік кедергілер жолы» жарысына балалар белсене қатысты. Сайыс соңында қатысушылар мен жеңімпаздар марапатталды. Ата-аналар мен ұстаздар оқушыларға сәттілік тілеп, болашақта да жоғарғы биіктерден көріне берулеріне тілектестік білдірді.
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе
облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатында физика, биология, химия пәндері бойынша апталық өткізілді.
Физикалық құбылыстар бойынша фотосуреттер жарысы табиғаттағы физикалық құбылыстарды фотоға түсіру мақсатында табиғи құбылыстар және жасанды құбылыстар бөлімі бойынша ұйымдастырылды. Жарыс екі кезеңмен өтті: 1-кезеңде оқушылар өздерінің фотосуреттерін инстаграм желісіне қойды. Инстаграм қолданушы аудитория суреттерді бағалады. 2-кезеңде оқушылар өздерінің фотосуреттерін лицейде 1-қабатта ұйымдастырылған көрмеге ілді. Қазылар алқасы фотосуреттерді бағалады. Екі кезең қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, инстаграм желісі бойынша хабарланды. Бұл жұмыс қорытындысын «@leparcours» инстаграм қолданушысның парақшасына кіріп таныса аласыздар. Физика пәні мұғалімі Казыбеков А. «The Newton’s laws of motion» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
8-9 сынып оқушыларының арасында химиялық элементтердің периодтық кестесін құру сайысы ұйымдастырылды. 10 элемент құтысы «Ең үздік дизайн» деп танылды. Уақытқа кесте құру жарысында 9 «А» сыныбы жеңіске жетті. 7-11 сынып оқушылары арасында «Химиялық құбылыс» тақырыбында ең үздік фотосурет және бейнефильм жарысы өткізілді, дайындаған суреттері мен бейнефильмдерін инстаграм желісінде бөлісу талабы қойылды. Ең үздік үштік марапатталды. 8-9 сыныптар арасында өткізілген «Элементтер әні» байқауына балалар белсене қатысып, үздіктер анықталды. 10-сыныптар арасында «Water rocket competition» зымыран жарысы қызықты өтті. Хмия пәні мұғалімі Балмасов Д. «Электролиттер» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе
облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты
Ағымдағы жылдың 21 қазаны күні Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей интернатында Қазақстан Республикасы отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани адамгершілік құндылықтарды нығайтудың2015 – 2020 жылдарға арналған жалпы ұлттық іс- шаралар жоспары аясында кездесу кеші болып өтті. Кездесуге облыстық денсаулық сақтау басқармасыныңАна мен баланы қорғау бөлімінің бас маманы Серғазин Мақсат және облыстық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Төлегенов Рақымжан, аталған мектептің шәкірттері - Республикалық жарыстардың жеңімпаздары, шахмат бойынша оқушылар арасында әлем чемпионатының жүлдегерлері Мыңбаев Болатбек және Уразаев Арыстанбек қатысты. Кеш барысында шақырылған қонақтар өз салалары бойынша атқарылған жұмыстармен бөлісті, лицей оқушыларының толғандырған сұрақтарына жауап берді. Лицей оқушылары қонақтарға өз өнерлерін көрсетіп, алғыстарын айтып, әдемі әңгіме-сұхбат өрбіген кездесу өз мәресіне жетті.
Дарынды жасөспірімдерге арналған
Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей интернаты
Ақтөбе облыстық қазақ-түрік лицейінің дарынды оқушылары Ақмола облысы Бурабай ауданында орналасқан «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалып қайтты. Қазақстанның әр өңірінен жиналған балалармен бірге «Жас полиглот» кезеңіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен олимпиада жеңімпазы Бағытжанов Абыл және ағылшын тілінен олимпиада жүлдегері Жаңабай Иса қатысты. Ал «Ғажайыптар мен сиқырлар елінде жас менделеевшілердің кездесуі» кезеңіне химия, биология пәндері бойынша олимпиада жеңімпаздары Есенғазин Азамат пен Албаков Қайрат қатысты.
Ойын, еңбек, таным, өнер, мәдениет және басқалары арқылы жасөспірімдердің жағымды сезімдерін дамыту, денсаулықтарын нығайту, шығармашылықтарын ұштау мақсатында өткізілген түрлі сайыстарда зерек шәкірттеріміз ерекшелене білген.
Жан-жақтылығымен әрі терең білімімен танылған Жаңабай И. «Балдәурен» РОСО-ның 12-ауысымында «Балдәурен Президенті» болып сайланған; «Лингвистикалық калейдоскоп» сайысында ІІ орынға ие болған; «Кітап әлемі» үйірмесіне белсене қатысқан. Бағытжанов А. Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы дала дүбірі» атты әдеби-сазды кешіне белсене қатысқаны үшін марапатталған. Ол тоғызқұмалақ сайысында да топ жарып, І орынға ие болған. Есенғазин А. «Балдәуренде» химия пәнінен өткізілген республикалық олимпиадада І орын жеңіп алған; «Білгір химик» интеллектуалдық ойынына белсене қатысып, марапатталған. Ол спорттық жарыста да көзге түсіп, 50 метрге дейін жүзуден ІІ орын иеленген. Албаков Қ. «Білгір химик» интеллектуалдық ойынында жеңімпаз атанған, «Не, қайда, қашан?» ойынына белсене қатысқаны үшін марапатталған және «Алғашқы медициналық көмек» үйірмесіне қатысқаны үшін сертификатқа ие болған.
«Балдәурендегі» оқу, сауығу және демалысты үйлестіріп өткізу балаларға ерекше ұнаған: барлық ұйымдастырушы-ұстаздарға, тәрбиешілерге айтар алғысы мол, естен кетпес әсерлері зор.
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе
облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ата-аналар арасында спорттық жарыс ұйымдастырылды. 18 қазан, жексенбі күні волейбол, үстел теннисі және шахматтан өткізілген сайысқа 7-10 сынып оқушыларының ата-аналары белсене қатысты.
Спорттық жарыс қорытындысында волейболдан 8 «Б» сыныбы командасы бас жүлдені жеңіп алып, кубокка ие болды. І орынға – 7 «А»; ІІ орынға – 10 «Б»; ІІІ орынға 9 «А» сыныбы оқушыларының ата-аналары ие болды. Үздік ойын үлгісін танытқан Киюазарова Сәуле (8 «Б» сынып), Толеуов Тимур (9 «А» сыныбы), Хайруллин Мәлік (10 «Б» сыныбы) арнайы дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.
Үстел теннисі бойынша І орынға - 10 «Б» сыныбы командасы ие болса, 7 «А» сыныбы ІІ орынды, 9 «А» сыныбы ІІІ орынды еншіледі.
Шахматтан 10 «Б» сыныбынан Сейітов Асқар І орынды жеңіп алды. 8 «Б» сыныбынан Қадыров Қуанышбай ІІ орын, 9 «Б» сыныбынан Аязбаев Асқар ІІІ орын иеленді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, халық денсаулығы - баға жетпес байлық, мемлекеттің қымбат қазынасы. Денсаулығы мықты адам ғана қоғамға лайықты қызмет етеді, оның дамуына, экономикасын жақсартуға үлес қосады. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын жақтайтын ата-аналар балаларына үлкен өнеге үлгісін танытты.
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе
облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты
1994 жылдан бері 5 қазан күні 100-ден астам мемлекетте Дүниежүзілік мұғалімдер күні атап өтіледі. Бауыржан Момышұлы «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» дегендей, кәсіби мерекеде барлық ұстаздар қауымының білім беру саласындағы ерен еңбегі мен қоғам дамуына қосқан үлесі аталып өтіледі.
2015 жылғы 5 қазанда «Думаш» мейрамханасында Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ақтөбе облысы ұстаздарын ұлағаттау салтанаты өтті. Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев, құрметті қонақтар, педагогикалық қызмет ардагерлері, барлығы 250-ден астам ұстаздар қатысты.
Шара барысында Ақтөбе қазақ-түрік лицейінің директоры Мызрак Якуп Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, лицей директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Баймаханов Б.Т. Облыстық білім басқармасы мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты жаңа оқу жылын үлкен жетістіктермен қарсы алды. Лицей ұжымы 2014-2015 оқу жылында мектеп бітірген шәкірттерінің ұлттық бірыңғай тестілеуде қол жеткізген жоғары жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
Биылғы жылы Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын беруге арналған конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанып, облыс әкімінің 17 117 000 (он жеті миллион жүз он жеті мың) теңге көлеміндегі грантын иеленді.
Еліміздің дарынды оқушыларын оқыту мен тәрбиелеуге қосқан үлесі және оларды қолдау мен жетілдіру жолындағы қол жеткізген табыстары үшін лицейдің математика пәні мұғалімі Утеубаев Н., биология пәні мұғалімі Байжаханов Ә., информатика пәні мұғалімі Айдарбаев Н. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен; география пәні мұғалімі Қалбек С., физика пәні мұғалімі Казыбеков А. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Құрмет грамотасымен; қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Базарғалиева Б. «KATEV» ХҚҚ мұғалімдеріне арналған пәндік емтихан қорытындысы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды. Лицейдің педагог-психологі Жантикенова К. облыстық психологтар олимпиадасында І орын иеленіп, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының дипломымен марапатталды.
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе
облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатында Қазақстан халқының Тілдері күні мерекесіне орай «Тілдің мерейі – елдің мерейі» атты қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінің апталығы өткізілді. Апталық кезінде «Тілім – тіршілік нәрі» атты қанатты сөздер және кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Төрт тілде қабырға газеттері шығарылып, лицейдің 1-қабаты безендірілді.
7 «Б» класс оқушысы Айбар Метин Джан «Саяхатқа шығайық» атты түрік тілінде өткен сайыстың жеңімпазы атанды. «500 теңгені кім алады?!» деген жарыста 7 «А» класс оқушысы Асылұлы Биболсын мен 8 «А» класс оқушысы Байрам Ахмед алдына жан салмады.
Ағылшын тілінде «Language making people united» атты шара ұйымдастырылып, 7-8 класс және 9-11 класс оқушыларының жас ерекшелігін ескере отырып өткізілген байқау балалардың қызығушылығын тудырды.
Орыс тілінде оқушылар «Полиглот» атты сайыста бақ сынады. 7 «А» класс оқушысы Самуратов Данияр, 9 «Б» класс оқушысы Ажиниязов Азиз жеңімпаз атанды. Лицей оқушылары «Мой Казахстан – моя страна» атты ой толғау жазды, үздік жұмыстар анықталды.
Дана Абайдың 170 жылдығына орай «Абайды оқы, таңырқа!» атты мәнерлеп оқу байқауына оқушылар белсене қатысты. 7 «Б» класс оқушылары Қуандық Мадияр, 8 «А» класс оқушылары Лиман Нұрсұлтан, Умирбаев Жанболат, 9 «Б» класс оқушысы Сабыров Ниязби, 11 «А» класс оқушысы Төлепбай Әділ марапатталды. Қазақ тілінде ұйымдастырылған «Білімді мыңды жығар» танымдық сайысында оқушылар Қазақ Хандығының 550 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығы, Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы және Ұлы тұлғалардың мерейтойларына қатысты сұрақ-тапсырмаларды орындап, жан-жақты білімдерін дәлелдеді.
Апталықтың жабылу салтанаты үлкен концертке ұласты: 7 «Б» класс оқушысы Жақанов Нұрғиса домбырада күй төгілтсе; 8 «Б» класс оқушысы Тайбағаров Серғазы әсем ән шырқады; 8 «Б» класс оқушысы Жүсіп Нұрмұхаммед, 9 «Б» класс оқушысы Гапуринов Ержан, 10 «Б» класс оқушылары Сабыров Ниязбек, Жетенов Дастан, Бердіғали Әлібек тіл туралы өлеңдерді мәнерлеп оқыды; 7 «Б» класс оқушылары Мәжит Бекзат, Бошаев Нұрберген, Баубек Аманай, Темирбеков Темирлан, Құдайберген Дастан, Ахметов Әлішер, Қанатбаев Еркебұлан қазақтың би-шешендерінің сөздерінен сахналық қойылым көрсетті. Апталыққа белсене қатысқан кластар мен оқушылар марапатталды.
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе
облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатында Отбасы күнін мерекелеу мақсатында «Отбасы – бақыт мекені» республикалық апталығы аясында тағылымы мол іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай атап өтерлік жұмыстардың бірі – 7 «Б» сынып оқушыларының арасында қала сыртындағы «Энергетик» тынығу орнында өткізілген «Отан отбасынан басталады» атты шара.
Ақтөбенің әр мектебінен жиналып, лицей табалдырығын енді аттап, жатақханаға жаңа орналасып, бір-біріне үйренісе бастаған балалардың достасып, бір-бірін тани түсуіне ықпал ететін бұл шараға оқушылардың ата-аналары да белсене қатысты. Оқушылар сынып жетекшілері Шаниев Ержан, Базаргалиева Баян, тәрбиешісі Тлегенов Ергенмен және ата-аналарымен бірге күздің жайма шуақ әсем күнінде түрлі танымдық әрі спорттық сайыстарға қатысты. Барлығы қамтылған құрама екі топ «Қазына» іздеп, қызықты сайысқа түсті: әр аралда қатысушыларды «арал қожайындары» (түрлі ертегі кейіпкерлері киіміндегі ата-аналар) қарсы алып, тапсырмаларын ұсынды. Тапсырмалар сан алуандығымен таң қалдырып, үлкен қызығушылық тудырды. Бірлікке, тапқырлыққа, жылдамдыққа баулитын, отбасы құндылықтарын және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шараның ұйымдастырылуына 7 «Б» сыныбының ата-аналар комитеті зор үлес қосты. Оқушылардың ата-аналары да бірге өткізілген тәлімді бір күн барысында бір-бірімен, сынып балаларымен танысып, жақсы тіл табысып, сұхбаттасты.
Оқушы – мектеп – ата-ана үштағанының берік бірлігі білім мен тәрбие жұмысының сапалылығының кепілі екендігі анық.
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе
облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты
Ақтөбе облыстық ғылыми–тәжірибелік орталығының жұмыс жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 23-24 қазанында Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицейі базасында химия пәні мұғалімдеріне арналған «Химия пәнінен олимпиадалық есептерді шығару жолдары» тақырыбында облыстық семинар-практикумы өткізілді.
Семинардың мақсаты: облыстық олимпиадаларда берілген олимпиадалық есептерді шешу әдіс-тәсілдерін және лицей іс-тәжірибесінен олимпиадаға дайындау әдістемесі бойынша күрделі қиындықпен шығарылатын есептердің шығару жолдарымен таныстыру, тәжірибе алмасу.
Семинар-практикум жұмысына облыстың жалпы орта білім беретін мектептерінен, мектеп-гимназиялардан, сонымен қатар мамандандырылған облыстық мектеп-интернаттарынан 42 химия пәні мұғалімі қатысты.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің химия кафедрасының аға оқытушысы, х.ғ.к. Агишева Алмагуль Абилхаировна «Бейорганикалық химиядан олимпиада есептерін шығару әдістемесі: «олеум», «пластинка», т.б. тақырыптағы есептер», «Органикалық химия бойынша есептер шығару әдістемесі: органикалық реакция механизмдері, синтездер, оптикалық изомерия» тақырыбында қатысушылармен ой бөлісіп, облыстық олимпиаданың теориялық және практикалық бөлімдерінде берілетін есептердің шығару әдістемесімен таныстырды.
Дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған қазақ-түрік лицейінің химия пәні мұғалімі Балмасов Дамир Табылдиевич «8-10 класс оқушыларын химия пәні бойынша олимпиадаға дайындаудың әдістемесі» тақырыбында өз шебер-класын ұсынып, олимпиадалық есептердің шығару жолдарын іс жүзінде көрсетіп, өз іс-тәжірибесімен бөлісті. Семинардың екінші күні қатысушылар назарына олимпиаданың 2-турындағы эксперименталдық есептерді шығару әдістемесі ұсынылып, жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша зертханалар көрмесі ұйымдастырылды.
Семинар-практикум жұмысы бойынша облыс ұстаздары өз ой -пікірлерімен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін де жеткізді. Семинар қатысушыларының қорытынды ойларын басшылыққа алған ұйымдастырушылар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ғалымдары мен қазақ-түрік лицейі ұжымына алғыстарын білдірді.
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе
облыстықмамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты